Версия для слабовидящих

Сапалы қызмет – білімді кадрдан

Сапалы қызмет

– Мақсұт Ыбрайханұлы, ертеңгі мемлекеттік қызметшілер күнімен құттықтаймыз! Алғашқы сұрағымызды департамент жұмысының негізгі бағыттарынан бастасақ. Аймақтағы мемлекеттік қызметті қадағалаушы органның атқарған жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?

 

– Рахмет! Негізі, агенттіктің жасап жатқан жұмысы 2 бағыттан тұрады. Бірінші бағыты – мемлекеттік қызметті кадрмен қамтамасыз ету.  Мемлекеттік қызмет көрсету сапа стандарттарына бақылау жүргізу. Және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, профилактикасы және де агенттіктің тарапында ұлттық бюро бар. Ол тек сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық қудалау органы болып есептеледі.

 

Облыста қанша мемлекеттік орган жұмыс істейді және мемлекеттік қызметшілер саны қанша?

 

– Аумақта 457 мемлекеттік орган жұмыс істейді.  Жалпы мемлекеттік қызметшілер саны бүгінгі таңда 5000-ға жуық. Оның  ішінде әйелдердің үлес  салмағы 46,2 пайызды құрайды. Ал келісімшарт негізінде жұмыс атқаратын зейнеттік  жасқа толған қызметкерлердің саны – 158 бірлік. Сондай-ақ  мемлекеттік қызметте  мүмкіндігі шектеулі 31 азамат еңбек етеді. Мемлекеттік қызметшілердің сапалық біліміне келсек, 90 пайызы жоғары білімді. Жоғары білімі бар азаматтардың ішінде экономикалық біліммен қызмет атқарып жүргендердің үлес салмағы басымырақ, яғни 33,9 пайыз, одан кейін заңгерлер 19,3 пайыз, сондай-ақ техникалық білімі бар қызметшілер 10,1 пайыз.

 

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің жұмыс барысы қалай?

 

– Жалпы агенттік сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған өкілетті орган болып есептеледі. Агенттіктің мемлекеттік қызметші жөніндегі департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу профилактикасы деген басқарма бар. Мониторинг барысында біз себеп-салдарына талдау жүргіземіз. Республикалық, облыстық, аудандық деңгейде арнайы мониторинг топтар бар. Олар мемлекеттік қызмет көрсету бағыты, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, әрбір азаматтардың қызмет алу мүмкіндіктері, денсаулық, білім саласындағы қолжетімділік пен бюрократиялық кедергілердің болмауы мен арыз-шағым төңірегінде жұмыс жасайды. Облыстың деңгейінде арнайы топтар жүйелі түрде еңбек етуде.

 

– Мүшелерін өздеріңіз жасақтайсыздар ма?

 

– Қоғамда жемқорлықпен күрес жүргізіп жүрген, онша көріне бермейтін белсенді азаматтар көп. Патриоттық ұстанымы берік, қоғам үшін белсенді әрекет ете алатын азаматтарға біз мүдделіміз. Барлық саланың басын шалып, қыр-сырына қанық блогерлер  бар. Осындай белсенді азаматтар барда қызмет көрсету ұйымдарының өкілдері теріс әрекеттен аяғын тартып жүретін болады. Содан кейін қоғамның тарапынан осындай бақылаушы органның барын біледі. Талдауға тек құзырлы мемлекеттік органдармен статистика ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділері жұмылдырылады. Өйткені Заңның өзінде сыбайлас жемқорлықпен күрес және оған  қарсы іс-қимыл бағытында барлық қоғам мүшелері белсенді болуы керек.

 

– Ал мониторинг мүшелері  кез келген уақытта тексеру жұмыстарын жүргізе алады ма?

 

– Арнайы мониторинг тобының жетекшісі – облысымызға танымал азамат Сембек Сейдәзімов.  Біз мақсатты түрде беделді азамат, өмірлік тәжірибесі  мол деп осы кісіні топ жетекшілігіне тағайындадық. Топ мүшелері өздерінің жұмысын толыққанды біледі. Әртүрлі салаға байланысты жүйелі тексеру жүргізетін арнайы кестелері бар.

 

– Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлерді тәртіпке шақыратын кеңес отырысының ұйымдастырылу деңгейі туралы айтсаңыз?

 

– Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында олардың тарапынан қандай да бір құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы ҚР Президентінің  «Әдеп жөніндегі кеңес туралы ережесінде» көрсетілген. Әдеп жөніндегі кеңес халықпен тығыз жұмыс жасайды. Жаңа жыл басынан бері 2 тәртіптік кеңес отырысы өтіп, онда 24 мәселе қаралды. Оның 15-і тәртіптік іс болса, 9-ы мемлекеттік қызметтер бойынша жүргізілген талдау және сараптау нәтижелерінің қорытындысы. Аталған мәселелерде мемлекеттік қызметкерлердің әдеп нормаларын бұзуы, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар орын алған. Мемлекетке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін 3 мемлекеттік қызметкер және әдеп нормаларын бұзғаны үшін 10 мемқызметкер жазаланды. Әдеп жөніндегі кеңес тек жазалап қана қоймай, алдын алуға бағытталған шараларды жүргізуге басымдық беруде.

 

– Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру және нығайту шараларының аймақта жүзеге асуы жайлы айтсаңыз…

 

– Мемлекеттік қызметтің имиджі, яғни абыройы – өзінің міндетін адал атқаруына байланысты. Біздің міндет – халыққа қызмет деген бар ғой. Оң имидж  қызметкердің іс-әрекетімен, күнделікті халыққа қызмет көрсетуімен, түскен арыз-шағымдардың оңтайлы шешілуімен бағаланады. Ал оған мемлекеттік қызметкердің жеке білімі мен біліктілігі, тәжірибесі, әдеп нормаларын сақтауы және келген азаматтармен мәдени формада сөйлесуі жатады. Қоғам тарапынан айтылар сын-ескертпелерден аулақ болуы керек. Құзыретінің шеңберіндегі тиісті жұмыстарды атқарғаны жөн.

 

– Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» — Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлінуі  керектігін айтты. Ал бұл Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуын көрсетеді. Бұл тұрғыда атқарылған шаралар қандай?

 

– Бес институционалдық реформаның  бірінші бағыты – кәсіби мемлекеттік аппаратты құру. Өйткені әрбір елдің дамуы кадрлар мәселесіне келіп тіреледі. Кәсіби мемлекеттік аппарат мамандардың оқуы, білімі мен біліктілігінен көрінеді. Агенттіктің аймақтық филиалы осы мақсатта жаңа ғимаратқа көшіп отыр. Себебі «100 нақты қадамның» 15-қадамында мемлекеттік қызметшілерді даярлайтын өңірлік оқыту орталықтары  болуы керектігі айтылған. Осының деңгейін көтеру үшін ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалы ретінде осы ғимаратты ҚР Үкіметінің қаулысымен тағайындады. Облыс әкімдігінің тарапынан аймақтағы барлық мемлекеттік қызметкерлерге кестеге сәйкес осы ғимаратта дәріс беріледі. Білім мен біліктілігін арттырған азамат қана халыққа сапалы қызмет көрсете алады.

 

– Ал мемлекеттік қызметшілерді оқытудың өткен жылғы қорытынды деңгейі  қандай?

 

– 2017 жылдың ішінде жалпы 1730 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланып, барлығы  толықтай оқытылған. Қайта даярлау курстарынан 556 қызметші, біліктілігін арттыру семинарларынан 1174  қызметші өтті.  Жалпы оқудан өткендердің ішінде 1539 қызметші өңірлік оқыту орталығында, 148-і ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясында, 43-і ведомстволық және өзге оқыту орындарында дәріс алды. Сондай-ақ былтырғы жылы 154 қызметші басқа мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өтті.

 

 

– Қоғам қозғауына түскен жемқорлық тақырыбы күн тәртібіндегі басты тақырыпқа айналып отыр. Айтыңызшы, жемқорлықты жою қаншалықты мүмкін?

 

– Әлбетте мүмкін. Қазіргі таңда мемлекеттің тарапынан әкімшілік, алдын алу, заңнамалық тұрғысынан шаралар мен көптеген шектеулер бар. Бұрындары мемлекеттік көлікті мініп, кімнің қайда жүргені көп ескерілмейтін. Қоғам тарапынан да бақылау күшейді. Жоғарыда аталғандай қоғамдағы белсенді азаматтардың қырағылығының арқасында арқаны кеңге салып жүре алмайды. Қайта жылдан-жылға азайып келеді. Тіпті статистикаға сүйенсек, 2015 жылы 3000-нан астам жемқорлық оқиғалары тіркелсе, 2016-2017 жылдары көрсеткіш 2000-нан төмендеп отыр. Яғни жылына 200-300 фактіге азайып келеді. Бұның барлығы профилактикалық шаралардың көптігінен. Дегенмен, түбегейлі жойылып кетті деуге келмейді. Қоғамда әлі де бар. Мемлекеттік қызмет көрсету сапа стандарттарының қатаң қадағаға алып жатқандары  тұрмыстық сыбайлас жемқорлық. Осылардың барлығын төмендету мақсатында цифрландыру жүйесі қолға алынып келеді.

 

– Қоғам мүшесі ретінде сізді алаңдататын мәселе не?

 

–Мені білім сапасы толғандырып жүр. Неге? Себебі бұл ғасыр жастары кітапқа ден қоюдан алшақтады. Технология қарыштап тұрған тұста оларды газет-журналмен, кітаппен тәрбиелеу қиынға соғатын секілді. Түрлі сайттар да саңырауқұлақтай қаптап келеді. Ал олардың арқалаған жүгі біреу-ақ. Ол сенсация жасау. Алайда оған көз салып, құлақ асар – көбінесе біздің жастарымыз. Соның салдарынан жастар түрлі діни  ағымдардың жетегіне еріп бара жатыр. Сондай-ақ тіл мәселесі де өзекті мен үшін. Бірақ  мемлекеттік тілге деген көзқарас жақсы қалыптасып келеді. Қазір 40-50 шамасындағы жігіт ағасына қарағанда 20-30 жасар азаматтар қазақ тілінде таза сөйлейді. Себебі алғашқылары Кеңес кезінде өскен. Сондықтан алғашқы динамика жақсы ұстанған принципті кейінгі буын да ұстанса деймін.

 

– Адам мақсатшыл келеді ғой. Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?

 

– Қазақтың  әділетке қатысты  ұстанымы биік болған бұрын. Өйткені қоғамда әділдік болмаса, өзгесінен  қайыр жоқ, ел ішінің берекесі қашады. Қазақтың «Тура  биде  туған жоқ, туғанды  биде иман   жоқ» дейтіні де содан болса керек. Басшылық қызметте жүрген соң шешім қабылдауда әуелі әділдіктің ақ туын көтеріп жүрген абзал. Себебі әділдік орнаған жерде ахуал да оң болады.

 

– Сұхбатыңызға рахмет.

 

Сұхбаттасқан Толғанай АТАБАЙ