Версия для слабовидящих

НАУРЫЗ 9 КҮН ТОЙЛАНАДЫ

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз орталығында аймақта Наурыз тойын тойлауға байланысты өтетін іс-шаралар тізімі таныстырылып, бірқатар басқарма басшылары БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

 

Биылғы жылы облыста қазақтың Жаңа жылы бар сән-салтанатымен 9 күн тойланады деп жоспарлануда.  Жиынды ашқан облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Біржан Сөктай алдымен 14-22 наурыз аралығында ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталды.  Мерекенің бастауы 14 наурыз – «Көрісу күні» болмақ. Бұл күні амандық-саулық сұрасып, үлкен-кіші қыстан аман-есен шығып, әз-Наурызға аман-есен жеткеніне шүкіршілік етіп, бір-біріне ізгі тілектер айтатын күн. Ал 15 наурыз  «Береке күні» – облыс аумағында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға айрықша көмек көрсетіледі. Жергілікті басшылар, ілкімді азаматтар балалар, қарттар үйлері мен перзентханаларда болып, сый-сыяпат жасайды, қайырымдылық көмектер береді. Соғыс және еңбек ардагерлері, ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіледі. Әлеуметтік ахуалы  төмен отбасыларға, көмекке мұқтаж, мүгедек жандарға арналған  қайрымдылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Келесі «Тағзым күні» –  қазақ халқының ескі жыл санауы бойынша көктем осы кезде келеді деп естептелген. «Өлі  разы болмай тірі байымайды» деген халқымыз үшін ата-бабалар рухына тағзым ету маңызды. Оның үстіне биылғы 16 наурыз аптаның  жұма күніне сәйкес келіп отыр. Сондықтан бұл күні мешіттерде арнайы құран бағыштау рәсімдері, жастар Отан қорғаушыларға арналған ескерткіштерге  гүл шоқтарын  қою шаралары өткізіледі.

– Қала бойынша 28 мешіт бар. Имамдармен, облыстық мешіттің басшылығымен жұма намазда Наурыз мейрамының облыс бойынша үлкен көлемде аталып өтетіндігін және көпшілік орындарда, Атшабар скверінде тегін Наурыз көже мен ыстық бауырсақтар таратылатындығын ескертеміз. Қала бойынша барлық іс-шараға 4 млн теңге бөлу жоспарда. 15-20-ға жуық жеке кәсіпкерлер мен қала әкімдігіне қарасты бөлімдер түрлі қайырымдылық акцияларына демеушілік жасап, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысады, – деді қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай.

Сонымен қатар 17 наурыз «Алас күні» деп бекітілген. «Алас» дегеніміз тазару деген мағынаны білдіреді. Бұл күн «Бұлақ көрсең – көзін аш» айдарымен жалпыхалықтық сенбілік өткізу, облыстық мешіттің маңы мен тұңғыш Президент саябағында тал-дарақтар отырғызу жоспарланған. Шара облыс және қала, аудан басшылары, ардагерлер, қоғам қайраткерлері т.б. қатысуымен өтіп, аллеяларға, саябақтарға  ағаштар отырғызу, экологиялық акциялар ұйымдастыруға бағытталған.

«Шаттық күні» жарық дүние есігін ашқан нәрестелерге аймақ басшыларының атынан дайындалған арнайы құттықтау әзірленетін болады. 18 наурыз күні дүние есігін ашқан әр сәбиге «Бір сәби – бір ағаш» акциясы аясында перзентхана маңында тал отырғызылады. «Жаңа жыл келді жадырап» деген айдармен жасөспірім балалардың қатысуымен мерекелік іс-шаралар, сурет салу байқаулары, концерттік бағдарламалар ұйымдастыру жоспарда бар. 19 наурыз – «Ынтымақ күні» аймақтағы этномәдени орталықтар мен этнос өкілдерінің қатысуымен мерекелік концерттер, салт-дәстүрлерді насихаттау көрсетілімдері мен «достық фестивальдері» жоспарланған. 20 наурыз  «Наурыз шашу» – жер-жерлерде киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Ақындар айтысы мен түрлі конкурстар, төменгі бағамен сатылымдар мен жәрмеңкелер, көпшілік серуен ұйымдастырылады. Бұл орайда Сүлейменов көшесінің бойында әр мекеме қазақы үйлер тіксе, әкімдік тарапынан Желтоқсан немесе Төле би көшелерінің бойынша төмен бағада азық-түлік жәрмеңкелері өтеді.  Ал 21 наурыз – күн мен түн теңеледі. Бұл күнді «Үйлесім күні» деп атауыда осыған байланысты. Бұл түні 22-сі күнгі таңды қарсы алуға орталық алаңға жастар  жиналып, салтанатты мейрам таңды күтіп алумен басталады. Жастар «Селтеткізер», «Ұйқыашар» дәстүрлерін жаңғыртып, бір-біріне жасаған сыйлықтарын тапсырады. Бұл ең бастысы ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді жаңарту, жаңғырту. Ал 22 наурыз – «Ұлыс күні» негізгі мерекелік шаралар өтеді. Көпшілікке Наурыз көже таратылып, үздік киіз үй байқауы, театрландырылған көріністер, мерекелік концерт, сонымен қатар жастар арасында ұлттық ойындар мен жарыстар ұйымдастырылады.

– Биылғы Жаңа жылды қарсы алу жылдағыдан өзгерек. Бес мың жылдан бері тойланып келе жатқан бұл мерекелердің облысымызда қайта жаңғыруы, салт-дәстүрлердің жастар арасында насихатталуы үшін біздің басқарма қызметкерлері де өз өнерлерін ортаға салады. Қала бойынша ұйымдастырылатын барлық іс-шарада барлық өнер саласының қызметкерлері атсалысады, – деді облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.

Ал облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков брифингте барша тұрғындарды спорттың барлық түріне қатысуға шақырды.

–  Биыл Наурыз тойына спорттың 9 түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Соның ішінде қазақ күресіне демеушілер түйе тігуді жоспарласа, қой көтеруден жеңіске жеткен адам сол қойды сыйлыққа алады. Басқа спорт түрлерінен де арнайы марапаттар мен сыйлықтар болады, – деді басқарма басшысы.