Версия для слабовидящих

«Жұмыссыз ретінде жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 28 сәуірдегі
№ 279 бұйрығына
32-қосымша

      Ескерту. 35-қосымшаның жоғарғы оң жақтағы бұрышы жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 25.12.2017 № 446 (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

«Жұмыссыз ретінде жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

      Ескерту. Бұйрық стандартпен толықтырылды – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 04.07.2017 № 190 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. «Жұмыссыз ретінде жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).

      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.

      3. Мемлекеттік қызметті «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.

2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі:

      1) көрсетілетін қызмет берушіге құжаттар топтамасын ұсынған сәттен бастап, сондай-ақ порталға жүгінген кезде – 1 (бір) жұмыс күні;

      2) көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушіге құжаттар топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 30 минут;

      3) көрсетілетін қызметті берушіде қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 20 минут.

      5. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны: қағаз түрінде.

      6. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – осы стандартқа 1-қосымшаға сәйкес жұмыссыз ретінде тіркеу туралы қағаз және электрондық түрдегі хабарлама не осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 10-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін ұсыну нысаны: қағаз түрінде.

      7. Жеке тұлғаларға (бұдан әрі –көрсетілетін қызметті алушы) мемлекеттік қызмет тегін негізде көрсетіледі.

      8. Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес сағат 12.30, 13.00-ден 14.00, 14.30-ға дейін түскі үзіліспен сағат 08.30, 9.00-ден 18.00, 18.30-ға дейін;

      өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру: сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін.

      Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз кезек тәртібінде көрсетіледі.

      9. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету үшін жүгінген кезде қажетті құжаттардың тізбесі:

      көрсетілетін қызметті берушіге:

      көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжат;

      Электрондық өтініште көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттың, тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжаттың мәліметтерін көрсетілетін қызметті беруші «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген тізбеге сәйкес көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттар ұсынған жағдайларда көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады.

      10. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті ұсынудан мынадай:

      1) он алты жасқа толмаған;

      2) еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында ақы үшiн орындайтын немесе табыс (кіріс) әкелетін өзге де ақы төленетiн жұмысы бар;

      3) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;

      4) жұмысы мен табысының (кірісінің) жоқтығы туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттар, сондай-ақ басқа да анық емес мәліметтер ұсынған негіздер бойынша бас тартады.

3-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушінің
және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері
бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану

      11. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдануда осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 14-тармағында көрсетілген мекенжайлар бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының, не Астана және Алматы қалалары, аудандар және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің (бұдан әрі – әкім) атына шағым беріледі.

      Шағым жазбаша нысанда почта арқылы не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы қолма-қол беріледі.

      Көрсетілетін қызметті берушінің немесе әкімдіктің кеңсесінде шағымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөнін, берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орнын көрсете отырып шағымды тіркеу (мөртаңба, кіріс нөмірі мен күні), оның қабылданғанын растау болып табылады.

      Портал арқылы жүгінген кезде шағым жасау тәртібі туралы ақпаратты Мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының телефон нөмірлері 1414, 8 800 080 7777 арқылы алуға болады.

      Шағымды портал арқылы жіберген кезде көрсетілетін қызметті алушыға «жеке кабинетінен» көрсетілетін қызметті беруші өтінішті өңдеу барысында жаңартып отыратын (жеткізілгені, тіркелгені, орындалғаны туралы белгі, қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) жүгіну туралы ақпарат қолжетімді болады.

      Көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы, оны тіркеген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Шағымды қарау нәтижесі туралы дәлелді жауап көрсетілетін қызметті алушыға почта байланысы арқылы жіберіледі не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде қолма-қол беріледі.

      Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгінеді.

      Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы, оны тіркеген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      12. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайларда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

4-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсетудің ерекшеліктері ескерілген өзге де талаптар

      13. Халықты жұмыспен қамту орталығында тiркелген жұмыссыздар – он жұмыс күні iшiнде кемінде бiр рет халықты жұмыспен қамту орталығында, ал ауылдық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар айына кемінде бiр рет кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнде белгiленiп тұруға тиiс.

      14. Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары Министрліктің – www.enbek.gov.kz интернет-ресурсындағы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімінде;

      15. Көрсетілетін қызметті берушінің мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметінің байланыс телефондары www.enbek.gov.kz интернет-ресурсында көрсетілген.

      Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының телефондары: 1414, 8 800 080 7777.

«Жұмыссыз ретінде жұмыс іздеп
жүрген адамдарды тіркеу»
мемлекеттік көрсетілетін қызмет
стандартына
1-қосымша
Нысан

Жұмыссыз адам ретінде тіркеу туралы анықтама

      ___________________________________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-тармағына сәйкес
20___ жылғы «____» ____________ бастап жұмыссыз адам ретінде
_____________________________________________________________
(халықты жұмыспен қамту орталығының атауы)
тіркелуіне байланысты берілді.
Берілген күні: 20___ жылғы «___» __________.
Орталық директоры
тегі, аты,
әкесінің аты (бар болса) _______________________________________________
Мөр орны ______________________