Версия для слабовидящих

Жөндеу жұмысы аяқталды

%d0%b6__%d0%bd%d0%b4%d0%b5%d1%83-%d0%b6__%d0%bc%d1%8b%d1%81%d1%8b-%d0%b0%d1%8f__%d1%82%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d1%8b

Тәуелсіздіктің 25 жылдығында әр сала бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес. Оның бірегейі білім саласына тиесілі. Ширек ғасырда қаламызда 19 білім мекемесі ағымдағы, ал 8 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті. Нақты уақытта өскелең ұрпақ үшін іске асқан игі істің барлығы толығымен сәтті де сапалы аяқталып отыр.

Білім мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында  ағымдағы жылы республикалық, облыстық және жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражатқа 8 білім мекемесінде күрделі, 19 білім мекемесінде ағымды жөндеу жұмыстары атқарылды. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жаз айларында аяқталған болатын. Ал күрделі жөндеуге «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы аясында қалаларды және ауылдық елді мекендерді дамыту шеңберінде объектілерді жөндеу» бағдарламасы бойынша, Ұлттық қордан және облыс қазынасынан жалпы көлемі 1 млрд. 180 млн. 487 мың теңге қаражат қарастырылған екен. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен қала әкімі Нұржан Календеров, қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлзия Заурбекова күрделі жөндеу жұмыстары күні кеше ғана аяқталған №7 мектеп-гимназиясына ат басын бұрып, толығымен аяқталған істің сапасын саралап қайтты. Ондағы бастауыш және негізгі корпустарын сейсмокүшейту арқылы жалпы күрделі жөндеу жұмыстарына облыс қазынасынан 298 449,0 мың теңге қарастырылған болатын.

— Сәрсенбі күні мектептің жиһаздарын орналастырып, бейсенбіде оқушыларымыз өз мектептеріне оралады. Мектебіміздің бұрынғы күйі мен қазіргі жағдайын салыстырып айтсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Жөндеу жұмыстары басталмай тұрғанда, оқушыларымыз мектепті «Брест қамалы»  деп әзілдейтін. Өйткені расымен де бірінші қабаттан-ақ аспан көрінетін. Ғимараттың шатыры да, қабырғалары да жау шапқандай әсер қалдыратын. Аз уақыттың ішінде «ҚазАльфаСтрой» серіктестігінің құрылысшылары мектебімізді түбегейлі өзгертіп, адам танымастай қалыпқа енгізді. Осы нәтиже үшін еңбектенген азаматтардың барлығына алғысымыз шексіз. Жұмыс өте сапалы жасалған. Жалпы мектебімізде 103 ұстаз, 1279 оқушы бар. Бес ай бойы оқушылар төрт мектепте қатынап оқыды. Атап айтқанда, №36 мектепке, кейін оларды №32 мектепке ауыстырдық.  №42,53,38  мектептерде оқуларын жалғастырды. 22 желтоқсан — біздің оқушыларымыз бен ата-аналар, ұстаздарымыз үшін көптен күткен қуаныш. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына біз үшін бұл үлкен сый болды.  Жалпы биыл әлемдік дағдарыстың алаңдатуына қарамастан, Елбасының салиқалы саясатының арқасында және жергілікті басшылықтың көмегімен қалада 5 мектеп жөндеуден өтті. 60 жылдық тарихы бар біздің мектебімізге облыстық бюджеттен күрделі жөндеу, ал қала басшылығымен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осындай барлық мүмкіндікті қарастырып, қара шаңырағымыздың еңсесін көтеріп берген облыс пен қала басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, — деді №7 мектеп-гимназияның директоры Наталья Исеева.

Расында, мектептің қазіргі жағдайы қуанарлықтай нәтижеге ие. Бекболат Серікбекұлы мен Нұржан Сәбитұлы бастаған топ білім нысанындағы барлық сынып бөлмелерін, спорт залы мен асхананы аралап, жұмыс сапасын жіті бақылап шықты. Игі іске ұстаздар ұжымы да, ата-аналар да дән риза.  Күні бүгінге дейін балалары үшін алаңдап келген ата-аналар Аида Өтеулина мен Валерия Батуева жергілікті басшыларға, жұмысты уәделі уақытында аяқтап отырған мердігерлерге ағынан жарылып, алғыстарын айтты.

— Негізінде,  біздің компания бұған дейін өңірде бірқатар нысандардың құрылысын жүргізген болатын. Былтырғы жылы Қаратау қаласындағы мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарын сәтті аяқтадық. Ал биыл тамыз айында біз осы мектептің жөндеу жұмыстарын бас-тап кеттік. Желтоқсанның 12-сінде біз мектепті толығымен аяқтадық. Компанияның  қосымша  қаражаты есебінен  мектептің шатырын, сыртқы есіктерін, санитарлық тораптарын (санузел) жасадық. Ал жалпы жұмыстың жобалық құны 300 миллион теңгеге жуық. Құрылыс жұмыстарына жалпы алты ай уақыт берілген еді. Біз төрт-бес айдың ішінде толығымен аяқтап отырмыз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен алдағы Жаңа жыл мерекесі  қарсаңында оқушылар мен ата-аналарға түбегейлі түрленген жаңа мектепті тарту еткіміз келді. Мектептің жұмысына жалпы саны 125 адам атсалысты. Және жұмысты жеделдету мақсатында қосымша тағы 40 азамат еңбектенді. Қолданылған құрылыс материалдарының басым бөлігі — отандық өнімдер. Атап айтқанда, пластик өнімдері Талдықорғаннан, керама, гранит Шымкенттен алынды. Ал есіктер мен кафельдер Ресейдікі. Тек сапалы тауарлар пайдаланылды. Аулаға стандарт бойынша асфальт төселді. Ауладағы бетондар — өзіміздің тараздық өнімдер,-деді мердігер «ҚазАльфаСтрой» ЖШС директоры Ермек Алатаев.

Мектеп оқушылары ертеңгі күнді асыға күтіп отыр. Көптен күткен қуаныштарын да жасырмайды. «Біздің сапалы білім алып, оқуымызды жетілдіруге жан-жақты мүмкіндіктер жасап отырған Елбасыға алғыс айтамыз. Бес ай бойы жоғары сыныптардың барлығы №32,36 мектептерге барып оқыдық. Өз мектебіміздегі қоңыраудың үнін де сағындық» — дейді болашақта дәрігер болуды өзіне мақсат еткен  №10 «Б» сынып оқушысы Дәурен Тұрсынбеков.

 

Нұржан СЕРІКХАНҰЛЫ

 

Be the first to comment

Leave a Reply