Версия для слабовидящих

«Коллекторлық қызмет туралы»

2017 жылғы 2 маусымда «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі — Заң) қолданысқа енгізілді. Жаңа Заң борышкердің құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, коллекторлардың қызметінің ашықтығын, берешектерді өндіру бойынша жұмыстың тиімділігін және қауіпсіздігін көтеруге бағытталған. Коллекторлық ұйымдар ұзақ уақыттан бері біздің өмірімізге кеңінен еніп кеткеніне қарамастан, олардың қызметі арнайы заңмен реттелмеген және мемлекеттік органмен бақыланған емес. Ол берешекті өндірудің заңға қарсы және этикалық емес әдістерін қолдануға жағдай жасады. Заң коллекторлық агенттікті есептік тіркеу арқылы реттеуді, реттеуші есептерді тапсыруды, олардың коллекторлық қызметті жүзеге асыру ережелерін орындауын тексеруді көздейді. Коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізілмеген заңды тұлға коллекторлық қызметті жүзеге асыруға, өзін коллекторлық қызметпен айналысушы ретінде сипаттауға, сондай-ақ өз атауында «коллекторлық агенттік» деген сөздерді, олардан туындайтын, өзін коллекторлық қызметті жүзеге асырады деп болжататын сөздерді пайдалануға құқылы емес. Коллекторлық агенттіктердің тізіліміне ену үшін заңды тұлға әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден (қайта тіркеуден) өткен күннен бастап үш ай ішінде Ұлттық Банктің аумақтық филиалында есептік тіркеуден өтуі қажет. Банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы ұйымдары осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде нысанасы коллекторлық қызметтің белгілеріне сәйкес келетін қызметтерді көрсету болып табылатын, жеке және (немесе) заңды тұлғалармен жасасқан шарттарды бұзуға міндетті. Осылайша 2017 жылдың 3 желтоқсанынан бастап коллекторлық қызмет белгілері бар және Ұлттық Банкте есептік тіркеу рәсімдерінен өтпеген заңды тұлғалармен жасалған кез келген шарттық қарым қатынастар тоқтатылуы тиіс. Коллекторлық қызмет коллекторлық агенттік пен кредитор (банктер, микроқаржы ұйымдары және басқалар) арасында жазбаша түрде жасалған берешекті өндіру туралы шарттың негізінде жүзеге асырылады. Коллекторлық агенттіктің берешекке қатысты қызмет көрсету мерзімі 6 айдан 5 жылға дейін. Берешекпен коллекторлық агенттік жұмыс жасаған кезде кредитор қарызды уақытында төлемегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімақы) есептеуге, сондай-ақ сыйақыны төлеуін талап етуге құқығы жоқ. Заңға сәйкес тұрғын үй түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген жеке тұлғаның берешегі коллекторлық агенттікке жұмыс істеу үшін берілмейді және осы берешек бойынша талап ету құқығы үшінші тұлғаға берілмейді. Сонымен қатар, Заңның маңызды нормаларының бірі, коллекторлық агенттіктіктің құрылтайшысына және басшысына біліктілік талаптарын белгілеу болып табылады.Егер бұрын кез келген болатын болса, енді Заңда жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар тұлғалар, қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар,теріс тәртіптік қылықтары үшін мемлекеттік қызметтен және құқық қорғау органдарынан жұмыстан босатылғандар агенттіктің басшысы бола алмайтыны айтылған. Жаңа Заңда коллекторлық қызметті жүзеге асыруға қатысты өзара іс-қимыл жасасу кезінде тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалған. Коллекторлық агенттік берешекті өндіру кезінде телефон арқылы сөйлесулер, жеке кездесулер, пошталық хат хабарлар, ұялы байланыс бойынша мәтіндік және дыбыстық хабарламалар жіберу арқылы борышкермен өзара іс-қимыл жасасуға құқылы. Бұл ретте коллекторлық агенттік борышкермен қандай мерзімде байланыса алатыны, өзара іс-қимылдар тәртібі жасалу санымен регламенттелген. Атап айтқанда жұмыс күндері сағат 8:00-ден 21:00-ге дейінгі кезеңде аптасына 3 реттен асырмай борышкермен кездесу жүргізуге, көрсетілген уақыт аралығында жұмыс күндері 3 реттен асырмай телефон соғуға құқылы. Коллекторлық агенттік борышкермен өзара іс-қимыл процесін коллекторлық агенттіктің үй-жайларында (филиалдың, өкілдіктің) аудио- немесе бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге міндетті. Коллекторлық агенттік, борышкермен өзара іс-қимыл жасасқан кезде Заңда көзделмеген жосықсыз әрекет жасаған қызметкердің өкілеттігін тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға міндетті. Сонымен қатар борышкердің коллекторлық агенттік алдыңдағы құқықтарын және міндеттерінатап өткен жөн. Атап айтқанда: коллекторлық агенттіктің талаптарын дауласуға, оның ішінде сот тәртібінде, коллекторға шағыммен уәкілетті органға жүгінуге, коллекторлық агенттіктің жұмыскерлерімен өзара іс-қимыл жасасу процесін аудио- және (немесе) бейнетехника құралдарының көмегімен өзі дербес тіркеуге, және де қарыз бойынша міндеттемелерін орындауға байланысты қарыз шартының талаптарын өзгерту туралы өтінішпен кредиторға жүгінуге құқылы. Заңға сәйкес борышкер коллекторлық агенттікке өзінің тұрғылықты жерінің, дербес деректердің, байланыс мәліметтерінің өзгергені туралы хабарлауға, коллекторлық агенттіктің сұрауы бойынша кірістері мен шығыстарының деңгейі, тұрғылықты жері, мүлкінің бар-жоғы туралы анық ақпаратты ашуға міндетті. Ұлттық Банк бақылауды жүзеге асыру мақсатында коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған, борышкермен өзара іс-қимыл жасаған кездегі коллекторлық агенттіктің жұмыскерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған кезде ықпал ету шараларын және санкциялар қолданады.Ұлттық Банк санкциялар ретіндеЗаңда көзделген жағдайларда коллекторлық агенттіктерді коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығарады. Заң күшіне енуіне байланысты коллекторлық қызмет белгісі бар ұйымдар 2017 жылғы 2 желтоқсанға дейінгі мерзімде коллекторлық агенттік ретінде әділет органдарында қайта тіркеуден өтуі қажет. Осы талаптарды орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес атауына «коллекторлық агенттік» сөзі бар ұйым қайта ұйымдастырылуға не болмаса мәжбүрлі түрде таратылуға жатады. Осылайша коллекторлық агенттіктер қызметіне кешенді құқықтық реттеуді орнату Қазақстанда ашық және өркениетті коллекторлық қызмет нарығын құруға себебін тигізеді. ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бастығы Дәурен Төлепбергенов