Версия для слабовидящих

Мемлекеттік қызметте лауазым иесі болуға кім лайықты?

Мемлекеттік қызметте лауазым иесі болуға кім лайықты?

Елбасы ұсынған Ұлт жоспарының мемлекеттік қызметке бағытталған 15 қадамы бүгінгі заман талабына сай мемлекеттік қызмет жүйесінің негізгі бағыттарын айқындап, қызметшілерге қойылатын нақты талаптарды белгілеп бергені белгілі. Бүгінгі мемлекеттік қызметкерлер моральдық, саяси , іскерлік қасиеттері бар, қарапайым әрі кішіпейіл, әдепті, білімді, мәдениетті, рухы мықты, жігерлі, отансүйгіш, жауапкершілігі және құқықтық сауаты жоғары, өз қызметінің білгірі болуы тиіс.

Шынын айту керек, бұған дейін мемлекеттік қызметке орналасу талаптарына тұрғындар арасында келіспеушіліктер туындап жататын еді. Көпшілігі тамыр-таныстың арқасында аяқ астынан лауазымды қызметкер атанып шыға келетіндерге қарап, мемлекеттік органдарға өтінішпен жүгінгенуге тайсақтайтын.

Осындай жағдайлар мемлекеттік қызмет жүйесіне өзгеріс қажеттігін  жыл сайын айқындай түскен. Ал қазіргі жағдай қандай? Келешекте қалай болмақ?

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған  бес институционалдық реформа осы сеңді бұзады десек, артық айтқандық емес. «100 нақты қадам»- Ұлт жоспарының бірінші тармағы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға негізделіп, оны жүзеге асыру жолдары нақтыланған. 15-қадам көкейдегі сұраққа жауап тауып берді. Ендігі жерде біз лауазымды қызметке кім лайық екенін нақты білетін болдық.

Алдымен, лауазымды қызметке кім лайық соған тоқталайық. Мемлекет басшысы ұсынған Ұлт жоспарында мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату конкурстық негізде жүргізілетіні нақты анықталған. Конкурс арқылы «Б» корпусының жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан жылжыту есебінен мерикократия қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жаңа жүйенің нәтижесінде кәсіби біліктілігін көрсете  алған жағдайда өңірлік үйлестіру коэффиценті қосылады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілерді ынталандырып, өз ісін адал атқаруға мүдделі етпек.

Жалпы, бүгінде мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру мәселесі өзекті болып тұр. Еліміздің күнтізбесіндегі атааулы мерекелердің қатарына мемлекеттік қызметкерлер күнінің қосылуы да бекер емес. Ондағы мақсат- мемлекеттік органдар қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын жоғарылату. Кәсіби білікті қызметкер ғана жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті және тиімді басқару құрылымын құру ісін мінсіз атқара алады.  Бұл маңызды функционалдық және мәртебелік маңызы бар мемлекеттік қызмет имиджі жұртшылықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімінің көрсеткіші және қоғамның басқару қызметінің тиімділігін бағалаудың өлшемі болып табылады.

Тараз қаласы әкімі

аппаратының басшысы                                          Ж.Өмірзақов